Статистика агенттігінің Халық санағын өткізуге жүргізген және «КИІК» ЖШС-нің жеңіп алған тендері заңсыз деп табылды
АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Статистика агенттігінің Халық санағын өткізуге жүргізген және «КИІК» ЖШС-ның жеңіп алған тендері заңсыз деп табылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа мәжілісінде «Киік» ЖШС-нің аппеляциялық шағымын қарастыру кезінде сот қыркүйектің 16-да шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырды. Яғни Статистика агенттігінің Ұлттық халық санағын өткізуге жүргізген және «КИІК» ЖШС-нің жеңіп алған тендері заңсыз деп табылды.
Байқауға қатысу үшін 14 өтінім түскен және оның ішінде Санкт-Петерборлық «Типография Взлет» ЖАҚ-ы да бар. Бірақ «Фирма «Киiк» ЖШС-нен басқа 13 өтінім Н. Баянов басқарған байқау комиссиясымен байқаудан шығарылып тасталып, «Киiк» жеңіп шықты. Еске сала кетейік, 2009 жылғы ақпан-наурыз айларында Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағын өткізуге мемлекеттік бюджеттен 1 млрд. 144 миллион теңге бөлінген болатын.
«Киік» фирмасының өзі болса, жабдықтарды 144,9 млн. теңгеге ғана дайындаған. Сонымен қатар, «Типография Взлеттен» бланктерді 183,3 млн теңгеге сатып алған.
Бюджеттік тапсырысты толтырғанда статагенттік лауазым иелері жалған баға ұсынысының арқасында бір бланктің бағасын 15 теңге деп көрсеткен. Бюджеттік өтінім қабылданған соң, Н. Баянов бір бланктің бағасын 7 теңге деп өзгертіп, ал сатып алулардың алдында бұл бағаны ол негізсіз қайтадан 17 теңге деп көрсеткен.
Ұлттық халық санағы шын мәнінде 379 миллион теңгеге өткізілгені, ал қаражаттың 764 млн. 800 мың теңге мөлшеріндегі бөлігі лауазымды тұлғалар мен жеке кәсіпорындардың басшылары тарапынан ысырап етілгені белгілі болды. Нәтижесінде 764 млн. 800 мың теңге ысырап етілген, оның 497 млн. 800 мың теңгесі жалған кәсіпорындардың есепшоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.