Статистика комитетінің штаты 6 пайызға қысқарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Статистика комитетінің штаты 6 пайызға қысқарады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Қазіргі уақытта бізде қайта құрылымдау жүргізілуде. Біздің агенттік Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті болып қайта құрылуда және біз штатымызды қысқартамыз. Қазіргі уақытта біз штатымызды 6 пайызға қысқарту туралы ұсыныс жасадық», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол комитеттен қанша қызметкердің қысқартуға ұшырайтындығын да ашық айтты.
«Тек орталық аппараттан ғана шамамен 20 адам қысқарады. Дегенмен бұл соңғы сөзіміз емес. Қазір бұл жұмыстар Ұлттық экономика министрлігі аясында жүргізілуде. Меніңше, таяу күндері штат саны шегін нақты анықтайтын боламыз және сіздерге қосымша ақпарат береміз», - деді Ә.Смайылов.