Статистика: Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің жақсы сапасына разылар - ақтөбеліктер
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат -Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасы (ТКШ) халықтың әл-ауқатының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу қорытындылары бойынша (субъективті бағалау) 2012 жылғы 1 қаңтарда өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан Республикасында көрсетілген коммуналдық қызметтердің сапасы 1,8 пайыздық тармаққа жақсарғандығы байқалады.
Қызметтердің жақсы сапасын қалалық жерлердегі үй шаруашылықтарының - 63,3 пайызы, ауылдық жерлердегі үй шаруашылықтарының - 58,6 пайызы көрсетеді, сонымен қатар өткен жылға қарағанда 0,8 және 6,5 пайыздық тармаққа сәйкесінше өскен.
Зерттеу деректері бойынша көрсетілген ТКШ қызметтерінің жақсы сапасын атап көрсеткен тұтынушылардың ең көп үлесі Ақтөбе (85,5 пайыз) және Павлодар (79,1 пайыз) облыстарында, ең аз үлесі - Ақмола облысында (48,8 пайыз), Астана қаласында (45,6 пайыз) және Алматы облысында (45,0 пайызы).
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын олардың түрлері бойынша бағалауда есепті кезеңде өткен жылмен салыстырғанда көрсетілген ТКШ қызметтерінің сапасының жақсаруы байқалады. Сонымен қатар, ауызсудың жақсы сапасын атап көрсеткен үй шаруашылықтарының үлесі 6,9 пайыздық тармаққа, электр жүйесінің қуаты - 3,3 пайыздық тармаққа, ыстық су қысымы - 2 пайыздық тармаққа, жылыту температурасы - 1,6 пайыздық тармаққа өсті. ТКШ қызметтерінің нашар сапасын атап көрсеткен үй шаруашылықтарының үлесі газ беру және қоқыс шығару бойынша төмендеді.
Коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етудегі кідірістерге наразылық білдіру деңгейі бойынша тұтынушылардың 12,5 пайыз - «жиі», 7,5 пайыз - «өте жиі», 80,0 пайыз - «сирек» деген баға берді. Сонымен бірге, кідірістерге наразылық танытқан тұтынушылардың ең көп саны Атырау (22,5 пайыз) және Ақмола (13,0 пайыз) облыстарында, кідірістерге наразылық танытқан тұтынушылардың ең аз саны Ақтөбе облысында байқалды.