Статистикаға қолдан қосылған 5 млн бас малға ешқандай субсидия төленген жоқ — АШМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі Kazinform сауалына берген жауапта ресми статистикаға қолдан қосылған, құжатта ғана болған 5 млн басқа бюджеттен ешқандай субсидия төленбегенін мәлім етті.

мал
Фото: ҚР Үкіметі

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ресми статистикадағы 3 млн бас ұсақ мал мен 2 млн ірі қараның қағазда бар, өмірде жоқ екенін атаған еді.  

Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер бұл малдың қазір есептен шығарылғанын, олардың ешбіріне мемлекеттен субсидия берілмегенін айтып отыр.

«ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин жергілікті атқарушы органдарға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар мен әкімшілік жауапкершілік шараларын қолданбай статистикалық деректерді нөлден бастауды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін республикалық арнайы жұмыс тобы құрылды. Нәтижесінде мал шаруашылығында шамамен 2 млн ірі қара мал, 3 млн астам ұсақ мал басы, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды. Өсімдік шаруашылығында жұмыс жалғасып жатыр. Бұл ретте есептен шығарылған мал басы субсидия алушылар болып табылмайтын жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі екенін атап өткен жөн», — деп жазылған министрлік жауабында.

Соңғы жаңалықтар