Статистикалық көрсеткіштердің санын кемінде 3 есе ұлғайту қажет - Мәжіліс депутаты С. Әйімбетов
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Статистикалық көрсеткіштер санын кемінде 3 есеге ұлғайту қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік статистикасының дамуы,
2011 жылдың қорытындылары және 2012 жылғы жоспарларына арналған Үкімет сағатында депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда статистикалық ақпаратты пайдалануды жақсарту, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу, пайдаланушыларды үйрету және олармен кері байланыс орнатуы мәселесі өзекті күйінде алып отыр. Пайдаланушылар статистикалық байқаулар өткізу және қажетті статистикалық деректер алу мүмкіндіктері туралы жеткілікті хабардар емес.
«Халықтың, шағын және орта кәсіпкерліктің қолжетімді және уақтылы статистикалық деректерге қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін «Талдау» жүйесінде өңірлер бойынша, тараулар бойынша, статистика сыныптауыштары бойынша қажетті ақпаратты іздеудің тиімді және ыңғайлы тәсілін қамтамасыз ететін статистикалық көрсеткіштердің санын кемінде 3 есе ұлғайту қажет деп санаймыз. Бұл ретте, респонденттерге арналған жүктемені азайту үшін статистикалық есептер нысандарының санын азайту және Интернет арқылы on-line режімінде статистикалық нысандар толтыруды енгізу қажет», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов.