Ставропольда болған жарылыстың құрбандары көбеюде
Бұған дейінгі ақпараттарда 45 зардап шегуші туралы айтылған болатын. Ал қаза болғандардың саны 6 адамға жетті, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Мамырдың 26-сы күні сағат 18.45-те Ставрополь Мәдениет және спорт сарайына жапсарлас орналасқан ғимаратта жарылыс болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның қуаты 250 грамм тротилге тең. Жарылыс «Вайнах-Кавказ аңызы» мемлекеттік би ансамблінің концертіне 15 минут қалғанда болып отыр.
Осы оқиғаға байланысты РФ Қылмыстық кодексінің 105-бабы 2-тармағы (жалпыға қауіпті тәсілмен жасалған екі және одан да көп адамды өлтіру), 222-баптың 2-тармағы (жарылғыш заттардың заңсыз айналымы) және 205-бабы (лаңкестік әрекет) бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.