Степногор əкімі сырттан шақырылған жаттықтырушыларға пәтер бөлуге ниет танытты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекбаев кезекті аппарат кеңесінде шаһар тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына көңіл бөліп, дене шынықтыру және спорт мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі қала əкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмат Тоқмағамбетовтің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, аймақта 20 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Өткен жылы 213 спорттық-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 19918 адам қатысқан.
Өткен жылы қалада жас ерекшеліктеріне қарай футбол лигалары мен футбол, ұлттық спорт түрлері мен шахматтан үш федерация құрылған болатын. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан спорт кешендерінің екі алаңы қолданысқа берілді. Жалпы бұл спорт кешенінде баскетбол, волейбол, футбол алаңдары болады деп жоспарланған және ол қазіргі заманға сай көше бойындағы тренажер алаңдарымен бірге қаланың орманды аймағында салынуда.
Степногор аумағында допты хоккей дамымаған. Мұнда балалар мен жасөспірімдерді хоккейге баулитын жаттықтырушы жоқ. Осы орайда, қала әкімі тиісті орындарға «Батыр» балалар мен жасөспірімдердің спорт кешенінде хоккейді дамыту және оған қажетті киім-кешек, құрал-жабдықтарды алып беру жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, ол басқа аймақтардан жаттықтырушы шақырту үшін пәтер бөлу мәселесін де қарастыру қажеттігіне назар аударды.
Қалада сонымен бірге, шорт-трек, президенттік көпсайыстар бойынша спорттық жабдықтар да жоқ көрінеді. Қала басшысы бұл ретте, облыстық сайыстарда қала намысын қорғайтын көпсайысшылар мен мүмкіндігі шектеулі спортшыларға винтовка, нысанаға көздеп ататын оқ ату құралдарын алып беруді тапсырды.