Степногорда аялдамаға «бомба қойған» ер адам ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногор қаласында жарылыс қаупі туралы жалған хабар берген ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Степногорда аялдамаға «бомба қойған» ер адам ұсталды

Ведомствоның мәліметінше, мамырдың 10-да сағат 13:00 Степногор қалалық ПБ кезекші бөліміне ұялы телефоннан ер адам хабарласып, 5-шағынауданда жарылғыш зат қойылғанын айтқан.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары ешқандай бомбаны таппады.

«Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері 29 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол 2019 жылы да осындай қылмысы үшін жауапқа тартылған» деді ведомстводан.

Қазіргі кезде күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 273-бабы («Терроризм туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті қамауға алынды.

Тергеу шаралары жалғасып жатыр.