Степногорда түрмеден қашқан қылмыскердің жазасына тағы 5 жыл қосылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногорда аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан 26 жастағы Ерболат Қасенов маусым айында түрмеден қашып шыққан болатын. Осыған байланысты оның бас бостандығынан айыру жазасына тағы 5 жыл қосылды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Степногорда түрмеден қашқан қылмыскердің жазасына тағы 5 жыл қосылды

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Степногор қаласының соты қашып шыққан азаматты «Тұтқынға алу», «Бас бостандығынан айыру мекемесінен қашып шығу» баптары бойынша айыпты деп танып, жалпы 5 жылға бас бостандығынан айырған.

«Белгіленген жазаға бұған дейін қылмыскерге қатысты шыққан үкімнің өтелмеген бөлігі қосылып, ер адам жалпы 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қылмыскер қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде жазасын өтейтін болады», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Қасенов түрмедегі алғашқы үш жылын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі толық мекемесінде өткізеді.

Сондай-ақ, Қасеновтен қылмыскердің ісі бойынша сараптама жүргізуге және іздестіру жұмыстарына жұмсалған 2 миллион 153 мың 372 теңге көлеміндегі сот шығыны мемлекет пайдасына өндірілетін болады.

Еске салайық, 7 маусым күні Степногор қаласындағы ЕЦ-165/18 мекемесінен ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған Е.Ж. Қасенов қашып шыққан болатын. 

Полиция қызметкерлері қылмыскерді дәл сол күні ұстаған еді.