Степногорде қауіпсіз емес балалар ойын алаңы анықталды – прокуратура
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Степногорде қауіпсіз емес балалар ойын алаңы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Степногор қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талдау жүргізді.
Степногор аумағында 35 алаң бар, олардың жай-күйі қанағаттанарлықсыз. Ал кейбір жағдайда оларды одан әрі пайдалану балалардың жарақаттануына және аса ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін.
«Мысалы, осы жылдың сәуір айында 9 шағын ауданындағы ойын алаңында кәмелетке толмаған жасөспірімнің дене жарақатын алғаны және оған медициналық көмек көрсетілгені анықталды, диагноз: «үстінгі иектің жарақаты». Дене жарақатын шыбыққа ілігу арқылы алған», - деді Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ прокуратура қызметкерлері осындай төрт балалар ойын алаңын анықтады. Аталған алаңдарда балалардың дене жарақат алу деректері бар.
«Жүргізілген талдау барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан өзге де заң бұзушылықтарға орын берілгені анықталды. Қадағалау актісімен ақауы бар балалар алаңдары тиісті жұмыстар жүргізу арқылы сәйкестікке келтірілді. Осыған орай 7 123 кәмелетке толмаған балалардың құқықтары қорғалды және 1 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды», - деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысындағы балалар лагерінде самогон аппараты, пневматикалық қару табылғанын жазған едік.