Степногордың кентiнде қазандық iске қосылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногор қаласында қала әкiмi Еркебұлан Баяхметовтiң халыққа есеп беру кездесуi өттi. Оған Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жинда Степногор қаласының әкiмi 2018 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамудың негiзгi көрсеткiштерi мен жұмыс нәтижелерi және 2019 жылға арналған жұмыс жоспарлары мен азаматтардың өзектi мәселелерiн шешу туралы баяндап бердi.

Өткен жылы өнеркәсiп кәсiпорындарымен 2017 жылғы көрсеткiшке қарағанда, 44 пайыз өсiмiмен 136 миллиард теңге сомасына өнiм өндiрiлдi. Облыстың өнеркәсiп өндiрiсiндегi қаланың үлесi 21 пайызды құрады. Оған Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттiк бағдарламасының аясындағы жобаларды iске асырудың нәтижесiнде қол жеткiзiлдi.

Степногор өңiрiнiң экономикасын дамытуға шамамен 22 миллиард теңге қаржы жұмсалды, жеке инвестициялардың үлесi 98 пайызды құрады.

Экономиканы әртараптандыру саласының бiрi ретiнде кәсiпкерлiктi дамытудағы негiзгi индикаторлардың өсiмi атап өтiлдi.

«Бизнестiң жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 19 жоба субсидиялануда, 550 адам қаржылық емес қолдау алды. Нәтижелi жұмыспен қамтуды және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасының аясында өңiр тұрғындарына шағын кредиттер, жаңа бизнес-идеяларды iске асыруға мемлекеттiк гранттар ұсынылды. Атап айтқанда, Степногор қаласында «Дәрiгер плюс», «Гамма Центр» көп функционалды медициналық кабинеттер, «Food Time Kids» балалардың ойын кафесi, «Светофор» төменгi баға дүкенi, автомобильдерге қызмет көрсету кешенi, заманауи форматтағы 3 дүкен; Бестөбе кентiнде «Алтын Ұя» мейрамханасы ашылды.

Ағымдағы жылы «Даму» қорының қаражатымен бiрлесiп қаржыландыру арқылы жергiлiктi бюджет есебiнен тамақ өнiмдерiнiң өндiрiсi, қоқысты сұрыптау мен өңдеу, балалар үшiн демалуын ұйымдастыру бойынша кәсiпкерлердiң жобаларына қолдау көрсету жоспарлануда.

Степногор қаласында көп пәтерлi тұрғын үйлердi орталықтандырылған газбен жабдықтауды қалпына келтiру басталды. Қаланың тұрғын үй қорын одан әрi ұлғайту мақсатында, 143 пәтерлi тұрғын үй қалпына келтiрiлдi. Сондай-ақ, тағы бiр көп пәтерлi тұрғын үйдi реконструкциялау жоспарлануда.

«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Шаңтөбе кентiнде қазандық iске қосылды, Ақсу және Заводской кенттерiнде сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерiн реконструкциялау жүргiзiлуде, су тазалау имараттарын реконструкциялау жобасын iске асыру басталды. Қаланың 38 мың шаршы метр кварталiшiлiк жолдар жөнделдi, Степногор-Өнеркәсiп аймағы автомобиль жолының учаскесiне орташа жөндеу жүргiзiлдi, Ақсу-Бестөбе-Изобильное жолын жөндеу басталды.

Еңбек нарығында 732 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, 2104 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды.

2016 жылдан берi 3 жастан 6 жасқа дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеумен жүз пайыздық қамту сақталуда, бөбекжай топтарын ашу есебiнен 1 жастан 6 жасқа дейiнгi балаларды қамту көрсеткiшi 68,4 пайыздан 82,9 пайызға дейiн артты. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Бестөбе кентiнде 150 орынға жеке меншiк балабақша жұмысын бастайды.

Кездесу «сұрақ-жауап» форматында жалғасты. Қала тұрғындары мен жақын орналасқан кенттердiң тұрғындарын денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және жол жөндеу мәселелерi қызықтырды.

Кездесудiң қорытындысын шығара келе, Мәлiк Мырзалин Степногор қаласының өнеркәсiп өндiрiсiнiң жоғарғы үлесiн атап өттi.

«Облыс экономикасында Степногор қаласы 11 пайызын құрайды. Ол барша және әрбiр тұрғынның сiңiрген еңбегiнiң нәтижесi. Сiздер қол жеткiзген жетiстiкте тоқтап қалмай, жыл сайын жаңа кәсiпорындар ашылуда. Алайда, атқарылған iске цифр тұрғысынан қарап қоймай, адамдардың өмiр сүру сапасына назар аудару қажет», - деп атап өттi облыс әкiмi.

Өңiр басшысы кәсiпкерлiктi дамытуды және тұрғын үй құрылысының қарқынын үдетудi тапсырды. Облыс әкiмiмен медициналық мекемелердi жабдықтармен қамтамасыз ету, жол салу мен жөндеу мәселелерi жеке бақылауына алынды.

Соңғы жаңалықтар