«Степногорск-ЕПК» АҚ биыл ірі габариті подшипниктер шығармақ
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин Степногорск қаласындағы өнеркәсіп аумағында орналасқан «Степногорск-Еуропалық подшипник корпорациясы» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Зауыт басшысы Анатолий Томиловтың айтуынша, аталмыш кәсіпорын осыған дейін жолаушылар және жүк вагондарына, тепловоздар мен электровоздарға қажетті подшипниктер шығарып келген болатын. Соңғы кездері теміржол саласынан сұраныс азайған соң кәсіпорын еуропалық үлгідегі подшипниктердің жаңа түрін шығаруды қолға ала бастаған.
«2012 жылы кәсіпорынға «ЕПК-Мәскеу» ашық акционерлік қоғамының подшипник өндірісі номенклатурасын ауыстыру» инвестициялық жобасы аяқталды. Мәскеуде жабылып қалған зауыттан қажетті бөлшектер тасымалданды. Ол жақтан мұнда 370 қондырғы жеткізілді. Осының арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша зауытта 12 мың тоннаға жуық подшипник немесе 11,5 миллиард теңгенің өнімі шығарылды.
Биылғы жылдың алғашқы екі айында жаңа үлгідегі 2063 мың тонна подшипник немесе 2,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Дайын өнім Қазақстан мен Ресей нарықтарына саудаға шығарылуда. Жаңа өнімге сұраныс артуда. Келешекте зауыт бұл көрсеткішті одан әрі асыруды межелеп отыр. Сонымен қатар биыл диаметрі 800 мм ірі габариті 115 түрлі подшипниктер шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді кәсіпорын басшысы Александр Томилов.
Кəсіпорын жұмысымен танысқан аймақ басшысы өндіріс қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті.
«2016 жылы жүзеге асырылған ҮИИД бағдарламасының арқасында подшипниктер номенклатурасы кеңейіп, соңғы жылдардың нəтижесі бойынша өндіріс көлемінің артуына қол жеткізілді. Биылғы жылы да өндіріс көлемін арттырудың оң динамикасын сақтап қалу қажет», деді аймақ басшысы Мырзалин.

