Степногорск қаласындағы көпқабатты үйден 40-қа жуық адам эвакуацияланды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногоркс қаласындағы көпқабатты үйден шыққан өрт кезінде 3 адам құтқарылып, 35 адам қауіпсіз аумаққа шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның ақпараты бойынша, 7 наурыз күні Степногорск қаласында көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шықты.
«Жалын шарпыған аумақ 30 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер 3 адамды құтқарып, 35 адамды эвакуациялады»,-деп хабарлады Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.
Мәлім болғанындай, өрт бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінен шыққан және онда төтенше жағдай болған уақытта ересектердің қадағалауынсыз 3 бала отырған. Абырой болғанда көршілері түтіннің иісін сезген бетте балаларды пәтерден алып шығып, «101» нөміріне телефон шалған.
«Өртті сөндіру кезінде өрт сөндірушілер көршілес пәтерлерден қою түтіннің салдарынан сыртқа шыға алмай қалған 3 әйелді құтқарды. Түтін жоғарғы қабаттағы пәтерлерге де тарай бастауына байланысты ол жақтан 35 адам эвакуацияланды»,-деп толықтырды ведомство өкілдері.
Оқиғадан зардап шеккен немесе мерт болғандар жоқ. 
Оксана Матасова