Степногорск жылыжайы салат қоспасына қажетті көкөніс түрлерін өсіруді қолға алуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногорскідегі «Қазақстанның жылыжай кешені» ЖШС салат қоспасына қажетті көкөніс түрлерін өсіруді қолға алуда. Бұл туралы аймақ басшысы Мəлік Мырзалиннің өңірге жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Степногорск жылыжайы салат қоспасына қажетті көкөніс түрлерін өсіруді қолға алуда

Серіктестік басшысы Александр Грибалевтың айтуынша, өңірдің индустрияландыру картасына енген кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Қазіргі кезде мұнда тамшылатып суару әдісі бойынша қияр мен қызанақтың  көп түрі өсірілуде. Алдағы уақытта салат қоспасына қажетті көкөніс түрлерін өсіріп, өндіріс көлемін арттыру көзделіп отыр.
«Бұрынғы қарапайым технология бойынша күніне 500 қаптама ғана салат қоспасы жиналса, заманауи желіден бір күнде 2 мың қаптамаға дейін өнім алынбақ. Жаңа желі жыл бойы жұмыс істей береді. Кешеннің аумағы 3,5 гектар. Өткен жылы  гектар көлемін ұлғайттық. Алдағы 17-18 жылдары жылыжай көлемін 6  гектарға дейін ұлғайтып, құлпынай және қызанақ көлемін арттырамыз. Былтыр жазда 2,5 гектар жерге біз құлпынай өсіріп сынап көрдік. Осы күні жылыжайда  100 адам жұмыс істесе, өндіріс көлемі ұлғайтылған кезде 150-160  адамға жетпек», деп атап өтті Александр Грибалев.