Степногорскіде 1,1 млрд теңгелік сатып алулар тексеріліп, 386 млн теңге қысқартылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Степногорск қаласының прокуратурасы бюджет қаражатын пайдалану барысында жіберілген заң бұзушылықтарды анықтап, жүздеген миллион теңгенің негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойды.

бюджет, кіріс
Фото: Gov.kz

Прокуратура мәліметінше, қала әкімдігі қысқы және жазғы маусымдарда қаланы күтіп-ұстау жұмыстарына арналған мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау кезінде бюджет заңнамасының талаптарын сақтамаған.

Тексеру барысында сметалық құнның негізсіз ұлғайтылғаны, артық әрі экономикалық тұрғыдан негізделмеген жұмыс көлемдерінің енгізілгені және бәсекелестік ортаны шектейтін талаптардың белгіленгені анықталған.

– Қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 1,1 млрд теңгені құрайтын 9 мемлекеттік сатып алу рәсімінің күші жойылды, – деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.

Прокурорлық араласудан кейін жобалардың сметалық құны қайта қаралып, негізсіз жоспарланған шығындар қысқартылған.

– Сметалық құн төмендетіліп, бюджеттен негізсіз жұмсалуы мүмкін 386 млн теңге көлеміндегі шығындар алып тасталды. Бұл мемлекеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді, – делінген хабарламада.

Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жіберілген заң бұзушылықтар үшін қала әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Қадағалау органы бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Айта кетейік, Ақтауда 600 млн теңгеге жуық заңсыз сатып алудың жолы кесілді.