Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Степногорскіде полицейге қол көтерген әйелге қатысты тергеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Степногорскіде полиция қызметкеріне күш қолданған әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Степногорскіде полиция қызметкеріне қол көтерген әйелге қатысты тергеу басталды
Фото: polisia.kz

Оқиға 15 тамызда сағат 00:30 шамасында болған. Полицияның кезекші бөліміне тұрғын үй пәтерлерінің бірінде тәртіптің бұзылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына автопатруль жіберілген.

Полиция қызметкерлері пәтерден музыка дыбысы қатты шыққанын анықтаған. Есікті 40 жастағы әйел мас күйінде ашқан. Тәртіп сақшылары одан тыныштықты сақтауды және медициналық куәландырудан өтуді талап еткен. Алайда әйел полиция қызметкерлеріне агрессивті жауап беріп, балағат сөздер айтқан және олардың заңды талаптарын орындаудан бас тартқан.

Жанжал барысында әйел полиция қызметкерін итеріп, кейін кіреберіске жүгіріп шыққан. Сол жерде тәртіп сақшысына қол жұмсап, оның беті мен мойнына сызат түсірген. Оқиғаны басқа патруль қызметкері бейнекамераға түсіріп алған.

— Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына құрметпен қарауға және агрессивті мінез-құлық пен дене күшін қолдануға жол бермеуге шақырады, — деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аясында тиісті процессуалдық шаралар қабылданады.

Еске салайық, бұған дейін Өскеменде полицейге шабуыл жасап, оқ атқан екі ер адам ұсталғанын хабарлағанбыз.