Степногорскіде мүмкіндігі шектеулі балалардың ойын алаңы ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногорск қаласында Астананың 20 жылдығына орай балалардың ойын алаңы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімінің баспасөз хатшысы Нана Антидзеге сілтеме жасап.
«Қазіргі кезде қалада мүмкіндігі шектеулі балаларға тиісті жағдай жасауға арналған көптеген істер атқарылуда. 2007 жылғы желтоқсан айында құрылған, айрықша балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі бөлімшенің осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қосқан үлесі көп. Аталған бөлімшеде 70-тен астам балалар логопедтің, психологтың, әлеуметтік педагогтың қызметтерін алады, осы жерде даярланған қызықты іс-шараларға қатыса отырып, балалар мен ата-аналар барлық мерекелерді қарсы алады.
Балалардың спорттық ойын алаңының болмауы бөлімшенің көптен бері шешімін таба алмай келе жатқан түйінді мәселесі болатын. Бүгін міне, қала күні және Астананың 20-жылдық мерейтойы қарсаңында осындай тамаша спорт алаңының ашылуы әлеуметтік көмек көрсететін бөлімшенің қызметіне жүгінетін балалар үшін айрықша сый болды», дейді аталымшы бөлімше директоры Лидия Белоглядова.
Ойын алаңының ашылуы «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Степногорск ЕПК» АҚ бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Анатолий Томиловтың қолдауы нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Сәуір-мамыр айларында «Степногорск ЕПК» АҚ мүмкіндігі шектеулі балалардың жаттығуы үшін бейімделген жеті шағын спорттық-ойындық нысандарды құрастырып, әзірледі. Сондай-ақ алаңды қоршау, жұмсақ төсеніштер салу жұмыстары атқарылып, шағын спорттық нысандар мен демалуға арналған орындықтар орнатылды. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев Степногорлықтарды-балалар мен олардың ата-аналарын жаңа спорт алаңының ашылуы және алдағы мерекелермен құттықтап, спортты серік етуді тіледі. Жаңа алаңда бос уақыттарын өткізіп, әрбір баланың қуаты толысып, жылдам әрі шымыр болып өсетініне сенім білдірді.
Дәстүрлі лента қию құқығы «Степногорск ЕПК» АҚ бас директоры Анатолий Томиловке және Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі бөлімшенің директоры Лидия Белоглядоваға берілді. Бұдан кейін ертегі кейіпкерлері «Өрмекші-адам» және «Суперменнің» бастауымен балалар және олардың ата-аналары, мереке қонақтары жаңа ойын алаңының бірінші келушілері болды.
«Туған қаламыздың балаларына қуаныш сыйлау-керемет іс!»-деген А.Томиловтың сөзі балалардың жүзіндегі күлкі мен көзіндегі қуаныштан көрініс тауып тұрды.
