Стивен Сигал Астанада Ұрыс өнерінің I халықаралық фестивалін ашты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал актер Стивен Сигал Астанада қала күнiне орай өткiзiлiп отырған Ұрыс өнерінің I халықаралық фестивалін ашты.
"Мен сіздерге алғысымды жеткiзгiм келедi және Астананы туған күнiмен құттықтаймын. Ұрыс өнерi адамға дене және ақыл-ой өрiсiн кеңейтедi. Соның арқасында бiздiң отбасылар, жалпы қоғам дамуда. Бiз бұның барлығын балаларымыздың денсаулықтарын, рухани әлемдерiн сауықтыру үшiн жасап жатырмыз", - дедi ол.
Бүгiн 200 қатысушы 12 тәртiп: айкидо, джиу-джитсу, капоэйра, будзинкан, тайбокс, каратэ годзю-рю, шин кали, кендо, таэквондо, вин-чун, шаолинь және қоян-қолтық ұрыс бойынша өнер көрсететiн болады.
Фестивальге Братислав Стайич, Алекс Кунин, Маркос Антонио да Сильва, Ким Ги Бок және Ли Ханг Чеонг сынды шығыс жекпе-жектерiнiң шеберлерi қатысуда. Құрметтi қонақ ретiнде Голливуд жұлдызы Стивен Сигал, ресейлiк кикбоксшы, әлем чемпионы Бату Хасиков пен актер әрi кәсiпқой спортшы Сергей Бадюк келiп отыр.
"Фестиваль екi кезеңнен турады. Бiрiншi бөлiмi - көрнекi орындаулар мен шоу. Бiз ең таңдамалы элементтердi көрсететiн боламыз. Әрбiр ұрыс түрiнен адамдарға пайдасы бар бiрқатар әдiстер ұсынылады. Екiншi бөлiм - ең үздiк мамандардан, сэнсей мен шеберлерден сабақ. Ол ертең өтедi. Бұл бөлiм негiзiнен федерацияда шұғылданып жүргендерге арналады. Олардың кәсiби деңгейiн арттыруға бағытталған", - дейдi ұйымдастырушылардың бiрi Санат Шапашов.
Айта кету керек, көрнекi орындауларды тамашалауға 3000-ға жуық адам келiп, тамашалайды деп күтiлуде.