Стокгольмде полиция екі арнайы операция өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Стокгольм полициясы сенбі күні түстен кейін қала орталығы мен Ворберг шағын ауданында екі операция өткізді, деп хабарлайды ресейлік РИА Новости.
Швециядағы Aftonbladet газетінің жазуынша, Ворбергте полиция операция жүргізіп, тұрғын үйлердің біріндегі пәтерден бір адамды тұтқындады. Стокгольм орталығында полиция көлікті тоқтатып ондағы үш адамды ұстады, деп жазады басылымы.
Алайда полиция ұсталғандардың Стокгольмде болған террорлық актіге қатысы бар-жоқтығын растамады.
Еске сала кетсек, жұма күні Стокгольм орталығындағы Дроттнинггатан көшесінде жоғары жылдамдықтағы жүк көлігі халықты таптап өте шықты. 550 метр жол жүрген көлік Аhlens сауда үйіне соқтығысқаннан кейін ғана тоқтаған. Жүк көлігі Spendrups компаниясына тиесілі болған және оны жүкті түсіру кезінде қаскөйлер ұрлап әкеткен.
Апат салдарынан төрт адам ажал құшып, 15 адам түрлі деңгейде жарақат алды.