Стокгольмдегі сенсация: Александр Шевченко жарыстың 2-ракеткасын қапы қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 107-ракеткасы Александр Шевченко Стокгольм (Швеция) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 18-інші, жарыстың 2-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудқа тап келді.
Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, бәрінде норвегиялық спортшы басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партияда Рууд тай-брейкте табандылық танытты – 7:6 (7:5).
Дегенмен бұдан кейін А.Шевченко камбэк жасай білді – 6:4, 6:3.
Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсекеде Шевченко 13 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Рууд 10 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Шевченко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 51-ракеткасы, аргентиналық Тьяго Агустин Тирантемен таласады.
Қазақстандық теннисші қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 99-орынға көтеріліп, ТОП-100-ге қайта кіріп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Швециядағы турнирде қатарынан үш кездесуде жеңіске жеткенін жазған едік.