Стоматологтың анестезиясыз баланың тісін жұлуға құқығы бар ма

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желілердегі жазбалардың астына қолданушылар кейбір стоматологтардың балаларда кездесетін препараттарға қарсы аллергиялық әсерден қорқып, анестезиясыз (ауыртпайтын процедура) тіс жұлатынын айтып, шағымданған.

стоматолог
Фото: pixabay

Осы орайда Kazinform агенттігінің тілшісі мәселенің мән-жайын білу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінді.

«Ең алдымен, медициналық стандарттарға сәйкес балаларда анальгетиктерді қолданбай тістерді жұлу туралы шешім даулы екенін атап өткен жөн. Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді медициналық көмек көрсету қағидалары мен стандарттарына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтау басқармасы белгілейді. МӘМС жүйесіндегі амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмек халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсетуді қамтиды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігі редакциясының ресми сауалына берген жауапта.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету клиникалық хаттамаға, сонымен қатар пациенттің шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету жөніндегі өтінішіне сәйкес көрсетілетіндігін айтып отыр.

Одан бөлек, медициналық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін медициналық қоғамдастықпен келісілген ауырсынуды басудың баламалы әдістерін қолдану, сондай-ақ «Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрі бұйрығының талаптарын сақтау ұсынылады.

«Анестезияны талап ететін және пациенттің аллергологиялық анамнезін анықтау қажет болған жағдайда оны «Қазақстан Республикасында аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес дәрілік аллергияны анықтау үшін зертханалық тексеруге жіберу қажет», - дейді ведомстводан.