«STOP туберкулез» акциясы: Бір айда 75 елордалықта сырқат белгілері анықталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында өткен «STOP туберкулез» акциясы қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шара әкімдіктің бастамасымен және қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Акция мүшелері халық көп жиналатын орындарды аралап, тексеру жүргізді. Оның ішінде қаладағы сауда орталықтары, базарлар және тұрғын үй алаптарын аралады. Дегенмен, басымдық қала шетіндегі елді мекендерге берілді.
«Сондай-ақ, қаладағы емханаларда ашық есік күні ұйымдастырылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары өткізілді. Одан бөлек, ЖОО-лар қамтылды. Яғни, астаналық 4 оқу орнында флюорографиялық тексеру жұмысы ұйымдастырылды», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, туберкулезге қарсы ұйымдастырылған акция 14 мың адамды қамтыды. «Нәтижесінде, 75 адамда туберкулез ауруының белгілері бар болып шықты. Арнайы тексерулерден кейін оның 9-ында туберкулез анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады. Алдағы уақытта жұмыс күндері мүмкіндіктері болмайтын азаматтар үшін демалыс күндері тексеру және анықтау шаралары ұйымдастырылатын болады», - деді ол.
Қалалық фтизиопульмонологиялық орталықтың мәліметіне сүйенсек, елордада соңғы 5 жылда аталған ауруға ұшырағандар саны 1,5 есеге азайған.