Странджа-2025: Астаналық боксшылар 5 медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Болгарияның София қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында 76-шы халықаралық «Странджа кубогы» турнирі өз мәресіне жетті. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.

— Биылғы бәсекеге 22 елден 143 ер және 79 әйел былғары қолғап шебері қатысып, үздіктерді анықтады, — деп жазды елорда әкімдігі.
Ауқымы кең болғандықтан «кіші әлем чемпионаты» атанып кеткен жарыста Астана қаласының спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Жерлестеріміз бір алтын және төрт күміс медаль жеңіп алды. Алтын медаль: Ләззат Күнгейбаева (81+ кг). Күміс медаль: Тимур Нұрсейітов (75 кг), Нұрбек Оралбай (86 кг), Айбек Оралбай (+92 кг), Римма Волосенко (60 кг).
Еске сала кетейік, бұған дейін Төрехан Сабырхан – «Странджа» турнирінің ең үздік боксшысы атанғанын жазған болатынбыз.