Странджа кубогы: Дулат Бекбауов финалға шықты

бокс
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін кіші әлем чемпионаты саналатын Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан Странджа кубогында екінші қазақстандық боксшы финалға шықты.

Атап айтсақ, 67 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан Дулат Бекбауов жартылай финалда алжирлік Абденассер Бенларибимен қолғап түйістіріп, қарсыласын 4:0 есебімен жарыс жолынан тайдырды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 51 келі салмақта Санжар Тәшкенбай өзбекстандық Асылбек Жалиловты ұтып, финалға шыққан болатын.

Енді шаршы алаңға 80 келі салмақта Тұрсынбай Құлахмет шығады. Оның қарсыласы қытайда тұратын қандасымыз Тоқтарбек Таңатхан.

Біздің отандасымыз Құлахмет – Азия чемпионатының (2019), Ислам ынтымақтастығы ойындарының (2017) және жастар арасындағы Азия чемпионатының (2013) жеңімпазы.

Ал қытайда туып, сол елдің атынан шаршы алаң көрігін қыздырып жүрген қандасымыз Таңатқан жазғы Азия ойындарының (2022) чемпионы, сонымен қатар әлем чемпионатының (2023) күміс жүлдегері.

Соңғы жаңалықтар