Страсбург соты туған қарындасымен ойнас болған немістің шағымын жоққа шығарды

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Страсбургтегі адам құқығы жөніндегі Еуропа соты 35 жасар Патрик Штюбингтің Германияда инцестке (туғанымен ойнас болу) қарсы заңына қатысты шағымын қараудан бас тартты, деп жазады  Spiegel.

Страсбург соты туған қарындасымен ойнас болған немістің шағымын жоққа шығарды

Бұл неміс араларында 4 бала бар өзінің туған қарындасы Сюзан Каролевскимен төсектес болғаны үшін 3 жылдан астам түрмеде отырып шыққан болатын. Страсбург судьялары инцестке тыйым салу адамның жеке құқығын таптамайды деп шешкен.

Германияда ағайындылардың жыныстық қатынасқа түсуі қылмыстық іс ретінде қарастырылады. Патрик Штюбинг осындай қылмысы үшін 3 жылдан астам уақыт түрме дәмін татып шықты. Неміс соттары да Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты сияқты инцеске қойылған тыйымды қос қолдап қолдайды. ГФР-дің федералдық соты өзінен төменгі соттардың (Страсбург соты) бұл шешімін 2008 жылы-ақ қолдайтындығын білдірген болатын. Судьялардың пікірінше, мұндай тыйым адамның жеке құқығын таптамайды, керісінше, отбасылық құндылықтар мен ұлт саулығын қорғайды.

Штюбинг пен оның адвокаты Эндрик Вильгельм Германиядағы инцестке тыйымды мүлдем жойғызбаққа күш салуда. Олардың айтуынша, бұл ескіліктің қалдығы, ал ұлт саулығы деген бос сандырақ көрінеді. Егер де мұндайға тыйым салынса, онда «40 жастан асқан әйелдер мен мүгедектерге» де балалы болуға тыйым салу керек еді дейді олар.

Патрик пен Сюзан әртүрлі отбасыларда тәрбиеленген. Патрик 3 жасында балалар үйіне беріліп, 7 жасында басқа отбасы асырап алған. Ал 24 жасында ол өзінің ата-анасын тауып алып, сол кезде 16 жастағы қарындасымен танысады. Аналары өлгеннен кейін олар бірге тұра бастайды. 2001-2005 жылдар аралығында 4 баланы дүниеге әкеледі, олардың екеуі мүгедек болып туылған.

Патрик Штюбингтің Страсбург сотына өкпесі қара қазандай. Оның ойынша, немістің сот жүйесі оның «керемет» отбасын қиратып, құқығын таптап отыр. Қазір Сюзан екеуі бөлек тұрады. 3 баласы түрлі отбасыларда тәрбиеленуде, ал кіші баласы анасымен бірге.