Страсбургте Ресейдегі мұсылмандар жайлы фильм көрсетілмек
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Осы жылдың сәуір айында Страсбургте өтетін «Төртінші билік» ІІ-ші Халықаралық медиа-форумның қорытынды кезеңінде Ресейдегі ислам және оның қоғамдық әрі мемлекеттік органдармен өзара ықпалы сөз болады. Ал форумның алғашқы кезеңі Шешенстан астанасында өтеді
muslim.kz сайтының жазуынша, бүгін Мәскеудегі тілшілер үйінде «Золотое сечение» деп аталатын Халықаралық БАҚ конгресі ұйымдастыратын алдағы іс-шараға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған Ресейдегі мұсылман ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
IslamNews ақпарат агенттігіне хабарлағандай, форумда ұлтаралық қатынастың қыр-сырымен, мұсылмандар жайлаған аймақтардың өзіндік даму ерекшеліктерімен және ресейлік БАҚ-тағы мұсылмандар тақырыбының көрініс табуымен байланысты мәселелер көтеріледі.
«Жиналыс» қоғамдық бірлестіктер қауымдастығының өкілі - Рашид Ысқақовтың айтуынша, Страсбургте «Ресей мақтан тұтатын мұсылмандар» атты фильм көрсетіледі. Онда Ресей Федерациясының дамуына үлес қосып жүрген ислам өкілдері жайында баяндалады.