Страсбургте сот жүйесіндегі реформалар таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев Еуропа сарайында Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) 43-ші жалпы отырысында сөз сөйледі.

47 мемлекеттің өкілдері қатысқан беделді халықаралық ұйымның жалпы отырысында алғаш рет қазақ тілінде баяндама тыңдалды. Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы еліміздің сот реформалары саласындағы негізгі жетістіктеріне тоқталып, еліміздің қолжетімді, тиімді және тәуелсіз сот жүйесін құру арқылы алға қарай елеулі қадамдар жасағанын айтты.
Реформаның негізгі бағыттарының қатарында ол соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуді, процестерді цифрландыруды және істерді қарау уақытын қысқартуды ерекше атап өтті. Осылайша, Қазақстанда азаматтық істер орта есеппен 48 күнде қаралады, бұл еуропалық 237 күндік көрсеткіштен едәуір аз.

Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Бүгінде талап қоюлардың 95 пайызы электронды түрде беріліп, сот ісін онлайн режимде қарауға болады. Бұл шаралар сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырды.
Жалпы отырыс аясында А.Мерғалиев CEPEJ Президенті Франческо Депаскуалемен кездесті. Халықаралық ұйымның басшысы жақында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезін жоғары бағалап, Қазақстандағы сот реформаларының прогрессивтілігін ерекше атап өтті.
Ф.Депаскуале Еуропа Кеңесі елдерінде Қазақстанның тәжірибесін, атап айтқанда, біркелкі сот практикасын қалыптастыруға бағытталған жасанды интеллектті зерделеу мен енгізуге деген үлкен қызығушылық туралы айтты.
Сондай-ақ сапар аясында қазақстандық делегация Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотының (АҚЕС) Президенті Марко Бошнякпен ресми кездесу өткізді. Басқосу барысында Қазақстанның Жоғарғы Соты мен АҚЕС арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері, оның ішінде тәжірибе алмасу және Қазақстан судьялары үшін оқыту іс-шараларын өткізу мүмкіндіктері талқыланды.
А.Мерғалиев адам құқықтарын қорғау стандарттарын ілгерілетуде АҚЕС-нің қолдауына ризашылығын білдірді және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды ұсынды.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және сот саласындағы озық стандарттарды енгізуге бейілділігін көрсетеді.