Стратегиялық бағдарламалар неге ұзақ орындалады – Олжас Құдайбергенов
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Jibek Joly» телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджанның «JJ Talk» бағдарламасына сұхбат берген экономист Олжас Құдайбергенов еліміздің экономикалық жоспарлау жүйесіндегі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа экономикалық саясаттың әрі қарай қалай орындалатынын енді көреміз. Ол негізі қанша ақша бөлінетіні және қандай құралдарды қолданатынына байланысты. Бірақ біздің жоспарлау жүйемізде бір үлкен мәселе бар. Мысалы үлкен бір стратегиялық бағдарлама қабылданған кезде ол 5 жылға жоспарланады. Бірақ стратегия қабылданған кезде ол ақшасыз қабылданады. Сосын ақша табуға 1-2 жыл кетеді. Қазір бұл жүйені біршама өзгертті. Қазір ұлттық жобалар алдымен ақша бөлініп, кейін қабылданады. Дегенмен бұның өзінде біздің бюджетте көптеген процедура бар. Егер бастама қолға алынғаннан бастап алсақ, сол процедураларды жасап, ақша бөлінгенге дейін 1-1,5 жыл кетеді. Ол өте ұзақ мерзім. Мысалы дамыған мемлекеттерде әрбір мемлекеттік органның өзінің автономиясы бар. Оларда қосымша келісім процедурасы жоқ. Олар жобаны 2-3 айда қаржыландырып үлгереді», - деді Олжас Құдайбергенов.
Еске салайық, бүгін «Jibek Joly» телеарнасындағы «JJ Talk» бағдарламасында Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты тақырыбы талқыланған болатын. Онда сұхбат берген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттарына тоқталды.
Айтуынша, алдағы уақытта шағын және орта бизнес пен ауылдарды дамыту басты назарда болмақ.
Бұдан өзге, министр келер жылдың екінші жартыжылдығынан бастап тарифтердің бағасы өсетінін мәлім етті.