Street workout KZ: Денис Тен мен Азамат Бекет эстафетаны Қанат Исламға жолдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сочи Олимпиада ойындарының қола жүлдегері мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров «Street Workout KZ» акциясына атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетсек, бұл бастаманың мақсаты - бұқаралық спортты Қазақстанда тарату. Street Workout - бұл көшедегі жаппай спорттың қарқынды дамып келе жатқан түрі болып табылады. Арнайы техниканы талап етпейді: барлығы қарапайым, ол үшін көшедегі турниктер мен арқандар жеткілікті.
Жобаның негізгі сыйлығы - конкурстың жеңімпазы атанған аймақ Street Workout-пен айналысу үшін жаңа алаңға ие болады. Ол үшін байқаудың шарттарын орындау қажет. Шарттары да өте қарапайым, қазақстандықтар жаттығу бейнелерін желілерде бөліссе жеткілікті. Байқау жайлы толығырақ Challenge Street Workout KZ веб-сайтынан біле аласыздар.
Еске сала кетсек, «Street Workout KZ» акциясын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап берген болатын. Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны өзі бастап, «Street Workout KZ» байқауын - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке, танымал әнші Қайрат Нұртасқа, танымал қазақстандық актер Әділ Ахметовқа жолдаған еді.
Ал бұдан кейін боксшы Бақтияр Артаев пен таэквондошы Арман Чилманов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Street workout KZ бойынша бастамасын іліп әкеткен болатын.
Бұл жолы акцияны Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет Бейжің Олимпиада ойындарының таэквандодан қола жүлдегері Арман Чилмановтан эстафетаны қабылдап, Сочи Олимпиада ойындарының қола жүлдегері мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаровпен бірге бейне-үндеу түсірді. Роликте спортшылар барлық қазақстандықтарды street workout-пен айналысуға шақырды.
«Біз барлық қазақстандықтарды салауатты өмір салтын ұстауға шақырып, осы челленджді әйгілі кәсіпқой боксшымыз Қанат Исламға және грек-рим күресі бойынша Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкоға жолдаймыз», - деді спортшылар.