Street Workout KZ: Геннадий Головкин Айбек Нұғымаровтан шақыру алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Street Workout KZ» сайысын қолдауға бағытталған бастамасын «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров іліп әкетіп, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Street Workout KZ: Геннадий Головкин Айбек Нұғымаровтан шақыру алды

«Challenge Street Workout KZ» байқауын қолдауға бұл жолы алғаш рет қыздар да қатысты. Ол талдықорғандық Азия чемпионы және самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері - Динара Жұмабаева.

«Мен дзюдо және самбо күресінен 4 жасымнан бастап шұғылдана бастадым. Бала кезімде мені билеуге мәжбүрледі, бірақ мен оны ұнатпай, ақырында қыздар өздерін қорғайтындай күшті болуы керек деп осы спортқа ауыстым», - дейді Динара.

«Street Workout» алаңы дәл бүгін екі сағат бойы керемет шоуға айналды. Алаңда бірі соққысының қаншалықты мықты екенін көрсетіп жатса, бірі штанга көтеріп, денелерін турникте бірнеше рет көтеріп, түрлі әдістерді көрсетті. Қатысушылар арасында балалар, жастар және ересек жастағы спортшыларда болды. Барлығы бір турниктен, екінші турникке өтіп әрқайсысы өзінше турниктерде шеберліктерін көрсетуге тырысты.

«Challenge Street Workout KZ» байқауының ауқымы күн сайын артып келеді. Осы сәнді және пайдалы жобаға Қазақстанның көпшілікке танымал тұлғалары да қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетуде.

«Мен эстафетаны ММА қауымдастығының вице-президенті Анатолий Ким мен грек-рим, фристайл және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбайға жолдаймын», - деді Ұлттық командалар мен спорт резервтері дирекциясының директоры Самат Ерғалиев.

Ерғалиев жолдамасын аяқтай салысымен, сөз кезегін «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров іліп әкетті.

«Мен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдамасын қабылдап, оны Геннадий Головкинге, сондай-ақ МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиевке жолдаймын», - деді Қазақстан барысы.

Еске сала кетсек, «Street Workout KZ» акциясын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап берген болатын. Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны өзі бастап, «Street Workout KZ» байқауын - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке, танымал әнші Қайрат Нұртасқа, танымал қазақстандық актер Әділ Ахметовқа жолдаған еді.

Ал бұдан кейін боксшы Бақтияр Артаев пен таэквондошы Арман Чилманов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Street workout KZ бойынша бастамасына қосылды. Акцияны кейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет Бейжің Олимпиада ойындарының таэквандодан қола жүлдегері Арман Чилмановтан эстафетаны қабылдап, Сочи Олимпиада ойындарының қола жүлдегері мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаровпен бірге бейне-үндеу түсірген. Роликте спортшылар барлық қазақстандықтарды street workout-пен айналысуға шақырды.

Бұдан кейін Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Street Workout KZ іс-шарасына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасын қолдаған еді. Боксшы эстафетаны Азамат Бекет пен Денис Теннен қабылдап алған болатын.