"СТС-Медиа" қазақстандық кеңістікті өзінің ақпараттық отарына айналдырғысы келеді - баспасөз мәслихаты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олардың айтуынша, «31 телеарнаның» 20 пайыз акциясын Ресейлік «СТС-Медиа» холдингі сатып алғаннан бері, арнада «төтенше жағдайлар» қалыптасқан. «Біріншіден, «СТС-Медиа» жаңа жылдан бері қазақ тілінде шығып келген 5 хабарды, оған дейін де 2-3 жыл ішінде ондаған хабарды түрлі себептермен, тіпті себепсіз де жапты. Эфирлік саясатты ресейлік ақпараттық экспансия жағдайында ұстап отыр. Олар құрылтайшылық акцияның аз ғана бөлігін иеленіп отырғанына қарамастан, арнаның ұйымдастыру, шығармашылық жұмыстардың шешімін Мәскеуге тәуелді етіп қойды. Екіншіден, қазақ журналистерін жалшылық жағдайда ұстауда. Қазақ тілді журналистер декорацияны өздері жасап, қара жұмыстарды да атқарады. Сонымен қатар, олар жылдың басында жабылған хабарлардың орнына уәде беріп шығарған екі жобаны да тоқтатып тастады. Бұл жобаны жасаған журналистерді 3 ай ақысыз жұмыс істеуге мәжбүрледі. Олар қазақстандық кеңістікті өзінің ақпараттық отарына айналдырғысы келеді. Біз 14 журналист, осы себептермен өз еркімізбен жұмыстан кеттік», деді 31 телеарнаның бұрынғы қызметкері Қанат Тілеухан. Оның айтуынша, қазақ тіліндегі хабарлар «рейтингтік үлесі төмен» деген сылтаумен жабылған.
Баспасөз мәслихатына қатысқан журналист Ұлпан Құрайсованың айтуынша, қазақ тіліндегі хабарлар сұранысқа ие. «Оның көрермендері көп. Меніңше, барлық мәселе хабарларға зерттеу, мониторинг жүргізетін Gallup медиада, біз оның респонденттерін кім екенін білмейміз, рейтингті қалай құрастыратындары да беймәлім», деп атап өтті ол.