Студент қыз «Парасат аруы» атанды
АЛМАТЫ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақтың Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар институтының студенті Ақшолпан Сұлтанқұлова «Парасат аруы - 2009» атағына ие болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл «Жастар Қазақстан Республикасы Президентінің «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» деп аталатын халыққа Жолдауын бірауыздан қолдайды» деген мерекелік шара кезінде мәлім болды. Ол Алматы қалалық жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен студенттерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымының 10 жылдығына орай өткізілген болатын. Онда Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары арасындағы дәстүрлі спартакиаданың жеңімпаздары да марапатталды. ҚазҰТУ-дың қызметкерлері бұл жарыста биыл теннис пен шахматтан І орын, волейболдан ІІ орын алған болатын. Ал университет кәсіподақ ұйымының бас есепшісі Ольга Душимова «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, студенттер кәсіподағы ұйымының төрайымы Жанна Қалиақпарова Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарда белсенді қоғамдық қызметі және еңбекшілер мен кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін ойдағыдай шешкені үшін» грамотасына, Кәсіподақ комитетінің төрағасы Гэрт Мұратәлиев белсенді қоғамдық жұмыстарды атқарғаны үшін «Парасат» сыйлығының иегері атанды.