Студентті ұрған Павлодар колледжінің педагогы қызметінен кетті

Балалар құқығын қорғау комитеті Павлодар облысы педагогының колледж студентіне қол көтеру фактісіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

павлодар студент
Фото: pixabay.com

«Павлодар колледжінде мұғалімнің студентке қол көтеру фактісі орын алды. Оқиға видеосы әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғамда кеңінен талқыға түсті. Балалар құқығын қорғау комитеті қатысушыларға тәрбиелеудің мұндай әдістерін қолдануға жол бермеу керек деп есептейді. Білім беру мекемелері балаларды қауіпсіз және сенімді оқыту орны болуы тиіс», - делінген комитет мәліметінде.

Ресми ақпаратта айтылғандай, кез келген қоғамда баланың білім алуына құқығы мен қауіпсіздігі ең жоғары басымдық болуы тиіс.

«Педагогтың бұл мінез-құлқы барлық көрсетілген нормаларға қайшы келеді. Қазіргі уақытта бұндай қателікке жол берген мұғалім жұмыстан босатылды. Балалар құқығын қорғау комитеті білім беру мекемелерінде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігінің сақталуын қадағалап, олардың мүдделерін қорғау жөнінде тиісті шаралар қабылдамақ», – деді комитеттен.

Еске салайық, Павлодар колледжінің педагогы студентті парта жанына тұрғызып қойып, жамбасынан әлдебір затпен ұрады. Бала ауырсынғаннан айғайлағанын көруге болады. Ұстаз мұндай әрекетке тәрбиелік мақсатта барғанға ұқсайды. Видео әлеуметтік желіде тарады.