Студенттер алкогольді күнде ішетіндерін ашық айтып отыр - «Аман-саулық» қоры
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Аман-саулық» қоғамдық қоры студенттердің денсаулығына қауіп-қатер төндіретін факторларды анықтауға арналған зерттеуді өткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сауалнама мәліметтеріне сәйкес, студенттердің басым бөлігі әрдайым фаст-фуд тұтынады, сондықтан тағамнан жиі уланатын және асқазан-ішек ауруларына шалдығатын топқа жатады. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 74 пайызы фаст-фуд тұтынады, олардың 32 пайызы күніне бір немесе бірнеше рет фаст-фудпен тамақтанатынын жеткізген. Негізгі себептері - фаст-фудтың дәмі,сәнге еліктеу және уақытты үнемдеу.
Газдалған тәтті сусындар мен жеміс шырындарын тұтынуда да тура сондай жағдай байқалып отыр. Респонденттердің 70 пайыздан астамы қант мөлшері жоғары газдалған сусындарды, энергетиктерді және шырындарды ішетіндерін мойындады. Осы ретте жартысынан көбі ондай сусындарды күніне бір немесе бірнеше рет тұрақты түрде ішіп отырады екен.
Студенттердің 32 пайызы алкогольді ішімдіктерді де ішетіндерін мойындады, тіпті 8 пайызы оны күнделікті ішетін көрінеді. Жалпы, сауалнамаға қатысқандардың 11 пайызға жуығы аптасына бір немесе бірнеше рет ішімдік ішетінін жеткізген. Алкогольді ішімдіктердің басым бөлігі шарап, сыра сияқты күштілігі орташа ішімдік болса да, 20 пайызы қатты алкогольге тиесілі.
Осы тұста студенттердің үштен бірі шылым шегеді екен, олардың 55 пайызы күніне бір немесе одан көбірек темекі тартады. Бұған қоса темекі шегетіндердің 56 пайызы электрондық темекіні, 38 пайызы кальянды, ал 20 пайызы тыйым салынғанына қарамастан, насыбайды тұтынады екен. Жалпы, студенттердің 70 пайызға жуығы белсенді өмір салтын ұстанамын деп есептейді. Алайда олардың көпшілігі тұрақты түрде спортпен шұғылданбайды. Студенттердің үштен екісінен астамында өздерінің денсаулығы туралы дәл ақпарат жоқ және де тұрақты түрде медициналық қаралудан өтпейді. Өз денсаулығын тұрақты түрде тексеріп отыратындықтан, тек 31 пайыз студентте ғана өз денсаулығы туралы салыстырмалы түрде дәл ақпарат бар.
"Жастар арасындағы қауіп-қатер факторларын анықтау - салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жасалып отырған маңызды қадам. Өткізілген зерттеудің арқасында біз бүгінгі күні студенттердің көпшілігін денсаулық мәселелері толғандырмайтынын көріп отырмыз. Олар уақытым жоқ дегеннен бастап, өмірдің бүкіл қызығын көрсем деген секілді мыңдаған сылтауды айтуы мүмкін. Алайда ұлтымыздың саулығын сақтау үшін қауіп-қатер факторлары туралы жастайынан білу қажет, сондықтан мемлекет осы мәселеге жіті көңіл бөлуі тиіс", - дейді «Аман-саулық» қорының президенті Бақыт Түменова.
Сауалнама 2016 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында ұйымдастырылды. Оған Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының 617 студенті, яғни өз үйінде, жатақханада және жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқан жалпы студенттердің шамамен 0,5 пайызы қатысты.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2016-2017 оқу жылында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында 130761 студент білім алып жүр.