Студенттер еккен ботаникалық бақ қызылордалықтардың сүйікті демалыс орнына айналды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Бұл ботаникалық бақта 3 мыңнан астам ағаш бар. Бұл жер бұрын студенттердің ғылыми жұмыстарына ғана арналған агробиологиялық орталық болатын. Өткен жылы ботаникалық бақ және жылыжай шаруашылығы ретінде қайта құрылды.

Содан бері бұл нысан қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналды.

– Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін баққа тас төсеніштер төселіп, шатыр орнатылды. Арнайы орындар жасалып, іші жарықтандырылды. Қазір мұнда 18 түрлі 3 мыңнан астам сәндік тал, жеміс ағашы бар. Бақтың жалпы көлемі 5 гектар шамасында. Бұдан бөлек, өткен жылдан бастап аумағы 800 шаршы метр болатын жылыжай іске қосылды, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева.

Жылыжайда биология және агрономия бағытында білім алып жатқан жастар зерттеу жүргізіп, тәжірибеден өте алады. Студенттер былтыр шілде, тамыз айларында өздері еккен қияр, қызанақты жинап, дәмін де татты.





Айта кетейік, Алматыдағы ботаникалық бақта бірқатар аурудың алдын алуға көмектесетін жеміс өседі.