Студенттер отряды «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы жобасының құрылысына атсалысуда
АЛМАТЫ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы облысында студенттер отряды жазғы демалыста «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы жобасының құрылысына өз үлесін қосуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысының Сарқан, Текелі қалаларындағы оқу орындарының 30 студентінен құрылған бұл отряд онда жаңа оқу жылына дейін жұмыс жасайды. Құрылысы 2005 жылы басталған «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы 2018 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның баспасөз хатшысы Марат Айбасовтың айтуынша, аса ауқымды бұл құрылыс жобасына студенттер отрядының атсалысып өз үлесін қосуына барлық жағдай жасалды. Олар жатын орынмен және үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ әр студентке 50 мың теңге көлемінде жалақы төленбекші.