Студенттер сарайының шатыры жоспарлы түрде бұзылды — ҚАЗҰУ

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының шатыры жоспарлы түрде бөлшектелгенін хабарлады. 

ҚазҰУ-дың студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұған дейін әлеуметтік желілерде түнгі уақытта ғимарат шатырының опырылып түскен видеолары тарады. Куәгерлер қатты гүрсіл болғанын да айтты.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс алдын ала жоспарланған.

— 2026 жылғы 23 қыркүйекте түнгі уақытта Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы ғимаратының шатырын жоспарлы түрде бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оқу процесіне кедергі келтірмеу мақсатында барлық жұмыс түнгі уақытта атқарылды. Мердігерлер қауіпсіздік шараларын толық сақтады. Зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.

Осылайша ҚазҰУ ғимарат бөлігі өздігінен опырылғаны туралы болжамдарды жоққа шығарды.

Бұған дейін ҚазҰУ-дың студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түскені хабарланды.