Студенттер шпаргалкадан бас тартты
АЛМАТЫ. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алдында «Анти шпора» акциясы өтті.
Шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сенаты жанындағы Болон үдерісі бойынша Студенттік бюроның бастамасымен, аталған университет студенттерінің ұйымдастыруымен өтті.
Сессия уақытындағы бұл шара студенттерді емтихан тапсыру барысында «шпаргалка» қолданбауға шақырады. ҚазҰУ студенттерінің пайымдауынша, «шпаргалка» қолдану, студенттің өзін-өзі алдаумен және оқытушыны алдаумен пара-пар. Ал «алдау» арқылы емтихан тапсыру бәсекеге қабілетті маман даярлауға кереғар болмақ. Студенттер акцияны сессия уақытында өткізуі де тегін болмаса керек. 1500-ден аса студент қатысқан «Анти шпора» акциясы барысында белсенділер шпаргалкадан бас тартып, соның аясында жемқорлыққа жол бермеуге үндеді. Олар «Таза сессия» ұранын көтеріп, парақорлыққа жол бермеуге шақырды.
Шара кезінде студенттер шпаргалка бейнесіндегі парақшаларды өртеп, студенттік қоғамдағы алдаулардың алдын алуды насихаттады. Оған ҚазҰУ студенттері, факультет декандары және университеттің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
«Студент шпаргалка қолдану арқылы өзін де, өзгені де алдайды. Мұндай жолмен емтихан тапсырған студенттен бәсекеге қабілетті маман шықпасы анық. Ендеше студенттер өздері бастама танытып отырған бұл «Анти шпора» акциясы өте орынды деп білемін. Шпаргалкадан бас тарту арқылы студенттер парақорлық пен жемқорлыққа да жол бермейді», - дейді ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.
Ал Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім маманы, игі шара ұйымдастырушыларының бірі Сандуғаш Картаева қазіргі кезде студенттердің шпаргалка қолданатындығын, бірақ, көптеген оқу орындары мұны жасырып қалғысы келетіндігін айтады.