Студенттер тарих пәнін оқытуға арналған «TarikhMap» инновациялық платформасын әзірледі
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің PhD докторы, аға оқытушы Айжан Қоңырованың жетекшілігімен студенттер тобы тарих сабақтарында интерактивті цифрлық карталар мен жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдануға бағытталған «TarikhMap» инновациялық платформасын әзірледі.
«TarikhMap» платформасының негізгі мақсаты – тарих пәнін оқытуды цифрландыру, білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру және педагогтердің уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасау.
Бүгінде университет студенттері педагогикалық практика барысында аталған цифрлық жүйені белсенді пайдаланып, жаңа тақырыптарды түсіндіруде, мемлекеттердің аумақтық өзгерістерін таныстыруда және тарихи оқиғалардың өткен орындарын интерактивті форматта көрсетуде қолданып келеді. Бұл өз кезегінде оқушылардың көрнекі қабылдауын күшейтіп, ақпаратты есте сақтау қабілетін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар цифрлық карталардың мүмкіндіктері оқу бағдарламасы материалдарын бекітуге, үй тапсырмаларын тексеруге және жоғары сынып оқушыларын ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) даярлау үдерісінде жоғары тиімділік танытып отыр.
Жоба педагогикалық бағыттағы студенттер мен мұғалімдердің сапалы цифрлық білім беру контентіне қол жеткізу мәселесін шешіп қана қоймай, болашақ мамандардың ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттерін дамытуға және олардың кәсіби әрі кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи білім беру құралы ретінде ерекшеленеді.
Аталған платформа «Startup-Tomiris» байқауында үздіктер қатарынан көрініп, 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай грантқа ие болды. Қазіргі таңда платформа Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірқатар мектептердің оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.
Айта кетелік ғылым, инновация және жасанды интеллект: Қазақстан Еуропамен ынтымақтастықты кеңейтеді.