Студенттерді Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде тәрбиелеп жатырмыз – үздік оқытушы

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM –  Данагүл Ілияс «Үздік педагог- 2024» республикалық ұлттық байқауының жеңімпазы. Тәжірибелі ұстаз педагогика мамандығына 30 жылын арнаған нағыз «Еңбек адамы», қазір де жұмыс істеп  жатыр. Осы орайда, білікті педагогпен бала тәрбиесі, мемлекеттік тіл және кадр даярлау туралы сөз қозғаған едік.

Студент Абай
Фото: Данагүл Ілиястың жеке мұрағатынан

Данагүл Ілияс Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші филология ғылымдарының магистрі, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, колледж директорының оқу жұмысы бойынша орынбасары.

студент Абай
Фото: Данагүл Ілиястың жеке мұрағатынан

Данагүл Ілияс Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Әлжан ауылында туып-өскен. Ауыл мектебінде білім алып 9 сыныпты бітірген соң Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық училищесіне мектепке дейінгі білім мамандығына оқуға түсіп, меңгеріп шығады. Жоғары білімді Түркістан қаласындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жалғастырады. Одан әрі елордадағы «Тұран-Астана» университетіне түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алып шығады.

Ұстаздық еңбек жолы Зеренді ауданы Айдабол ауылындағы мектепте басталды. Одан әрі Қызылорда қаласында №11 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған. 2011 жылдан бастап Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжде қызмет етіп келеді. Осы жылдар аралығында колледжде бірнеше жауапты қызмет атқарған. Қазіргі таңда директордың оқу жұмысы бойынша орынбасары және қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің оқытушы міндетін қатар алып жүр.

студент Абай
Фото: Данагүл Ілиястың жеке мұрағатынан

Бүгінгі кейіпкерімізге замандастары мен әріптестері «Адал азамат» деген сипат береді. Нағыз адал адам, адал азамат қандай болуы керек деген сұраққа Мемлекет басшысы жауап бергені есте.

- Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды, - деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

2025 жылы Данагүл Нұртайқызының бала тәрбиесі мен білім саласында еңбек етіп жүргеніне 30 жыл болады. Осы уақыт аралығындағы ұстаздың елеулі еңбегі назардан тыс қалмай, түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды:

- Ақмола облысы Көкшетау қаласы әкімінің Алғыс хаты, 2023 жыл.

- Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаты, 2020 жыл.

- 2020 ж. – «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облыстық ұйымы» ҚБ Құрмет грамотасы;

- 2021 ж. – Білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі табыстары, кәсіби шеберліктері, педагогикалық үрдістегі жетістіктері үшін Ақмола облысы Білім басқармасының Құрмет грамотасы

- 2022 ж. – «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы филиалының Алғыс хаты;

- 2022 ж. – Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Алғыс хаты;

- 2022 ж. – Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының Алғыс хаты;

- Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті Алғыс хаты, 2021 жыл.

- ҚР Президентінің Алғыс хаты, 2019 ж.

- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хаты, 2020 ж.

- Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының куәлігі, 2020 ж.

- Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Үздік педагог» төс белгісі. Куәлік №00097, 2019 жыл.

- Қайнар орта мектебінің 100 жылдық мерейтойына арналып шығарылған төсбелгі, Куәлік №0078

- ҚР Әлеуметтік және экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының үздік іскер әйелі» төсбелгісі, Куәлік 00030, Астана, 2024 ж.

- Алғыс хат. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі , 2024 жыл.

- «Үздік педагог-2024» республикалық конкурсының жеңімпазы.

Данагүл Нұртайқызымен әңгіме барысында өскелең ұрпаққа білім, тәрбие берудегі бірнеше мәселені қозғадық. Соның бірі – мемлекеттік тіл.

– Біз тіл мамандарын даярлайтын болған соң, мемлекеттік тіл мәселесін айтқым келеді. Әрине, біз маман даярлауда бар тәжірибемізді саламыз, теориялық біліммен қатар әдістемелік, мультимедиалық, интерактивті құралдардың көмегімен үйретіп жатырмыз. Алайда, студенттерді мектепке іс тәжірибе практикасына жіберген кезде орта әлі де болса орыс тілді екенімізді байқаймыз. Әсіресе, қалалық жерлерде, қазақ сыныбында оқитын балалар орыс тілінде сөйлейді. Сондықтан тіл мәселесі отбасынан басталады деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл мәселесі мені ойландырады, - дейді ол.

Сондай-ақ тәжірибелі педагог «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының орындалу барысына тоқталды.

– Біздің колледжде «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасы аясында «Толық адам» ілімін бекітіп, бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Студенттер Ұлы Абайдың шығармалары, қара сөздері мен толық адам ілімінің негіздерін үйреніп, тәрбие алып жатыр. Студенттер Абайдың және басқа да әлемдік шығармаларды оқып, өзара талқылайды. Сол сияқты ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында әр аптаның дүйсенбі күні колледж ұжымы мен студенттер ұлттық киім киеді. Сонымен қатар, әр дүйсенбі сабақ алдында әнұран орындалады, біз оны колледжде Елұран деп атаймыз. Одан бөлек, ер және қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беріледі, колледжде 300-ден аса ер бала бар, қазір педагог ер азамат азайып кетті. Ер бала тәрбие басты назарда болғандықтан, «Ар-намыс» саяси-интеллектуалды ер балалар клубы жұмыс істеп тұр. Оқу орнымызда ер балалар «Армысыз» деп қолын жүрегіне қойып, ерекше амандасу қалыптасқан. Сол сияқты ұлттық рухты қалыптастыру мақсатында «Айбын» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Ал қыз балаларға келсек, «Томирис» рухани-интеллектуалды қыздар клубы, «Кербез» мәдени-интеллектуалды клубы жұмыс істейді, - деді Д.Ілияс.

Айта кетсек, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің түлектері 90% еңбекпен қамтылады.

– Біздің колледж 7 мамандық, 14 біліктілік бойынша педагогтарды даярлайды. Бүгінгі кадр тапшылығы мәселесі біздің назарымызда. Мысалы, қазір қоғамда тілі жетілмеген балалармен жұмыс істейтін мамандарға яғни логопед мамандарына сұраныс туындады. Осы орайда, 2020 жылы логопедия мамандығы ашылып, кадр даярлай бастадық, арнайы логопедия ресурстық орталығы жұмыс істейді. Былтыр алғашқы 13 түлек бітірді. Олардың бірқатары қазір М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде екіжақты меморандумның негізінде жоғары білім алып жатыр. Біз, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі болашақ педагог маман даярлауда республикалық деңгейде алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болғандықтан, түлектерді жұмыспен қамту жағынан проблема жоқ. Біздің мамандарды еңбек нарығында жұмысқа бірінші болып алады деп айтсам болады. Сонымен қатар, колледжде 52 магистр, 8 магистрант, 1 Phd доктор, 2 Phd докторант, 5 педагог-шебер, 16 педагог-зерттеуші, 14 педагог-сарапшы, 30 модератор қызмет атқарады. Студенттеріміз Халықаралық, республикалық деңгейде жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Бүгінгі таңда колледжде республикалық «Үздік педагог» атағын иеленген 5 оқытушымыз бар. Оқу орнымыздың кәсіби маман даярлау мақсатында жоғары деңгейдегі табыстарға жетуде колледж директоры филология ғылымдарының кандидаты, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының, Ұлттық Құндылықтар Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген Ұстазы Ахат Нұртас Ахатұлының ұзақ жылдар бойы ұжымды басқарудағы жоғары біліктілігі мен әр оқытушы мен студенттерге жасаған қолдауының арқасы деп білемін, - дейді педагог.

Соңғы жаңалықтар