Студенттерден құралған «Шабыт» ұлттық-аспаптар оркестрі есептік концертін берді
АСТАНА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Шабыт» ұлттық-аспаптар оркестрінің есептік концерті өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш университеттің студенттері қатысатын «Шабыт» ұлттық-аспаптар оркестрі 1967 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Содан бері оркестр талай студенттің бойдағы өнерін шыңдады, университет қабырғасынан түлеп ұшқан көптеген жас музыка өнерін кәсіби деңгейде меңгеруге машықтанды. 1985 жылы оркестрге «Халықтық көркемөнерпаздар ұжымы» атауы берілді. «Шабыт» 2006 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі» фестивалінің лауреаты, қалалық деңгейдегі көптеген байқаулардың жүлделері иегері. Оркестрдің жетекшісі Гауһар Сармантаеваның айтуынша, жоғары оқу орнына түсетін жастардың арасында қазақтың қара домбырасының құлағында ойнамайтыны кемде-кем, бірақ олардың барлығы өз өнерін шыңдауға талпынбайды, оны қажет етпейді. Дегенмен бүгінде оркестр талантты да дарынды 30 студенттен құралып отыр. Олар домбыра, сазсырнай, баян, қобыз, шаңқобыз, даңғыра, дауылпаз және қоңыраулы аспаптарда шебер ойнайды. Концертте Нұрғиса Тілендиевтің, Дәулеткерейдің, Мәлгаждар Әубәкіровтың, Секен Тұрысбековтың күйлері орындалды. Астана қалалық мемлекеттік филармониясының кәсіби әншілері мен кәсіпқой домбырашылары оркестрдің сүйемелдеуімен жеке композиторлар мен халықтың әндерін және күйлерін орындады. Сондай-ақ түрік маршы, орыс халық әндері және тағы басқа да композициялар ұсынылды.