10:25, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Студенттерді қолдауға бағытталған бүкілқазақстандық қайырымдылық марафоны басталды
АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Еліміздің студенттерін қолдауға арналған «Жастар жалыны – Отанға, жомарт жүрегі – жастарға!» атты бүкілқазақстандық қайырымдылық марафоны басталды.
Бұл жайында кеше, наурыздың 12-сі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ақылы бөлімде оқып жүрген үздік студенттерді қолдау мақсатында Елбасының тапсыруымен он бір мың жарым грант пен қырық мың несиенің бөлінетіндігі белгілі. Қазірде біз бизнес қоғамдастық өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың студенттерге қол ұшын беру мәселесін көтеріп жатырмыз. Сондай-ақ ақылы бөлімде оқитын жетім және әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға да қолдау көрсету көзделіп отыр», - дейді Н. Өтешов.Оның айтуынша, «Жас Отан» студент пен грант тағайындаушы арасында байланыс орнататын оператор қызметін атқарып отыр. Білім алушыларға қол ұшын беруге ниет танытушылар жастар қанаты арқылы іс-шараларды жүзеге асыра алады. Қайырымдылық марафонына кез келген деңгейдегі әкімдердің, ірі кәсіпорын басшыларының, ЖОО ректорлары және кәсіпкерлердің қатысуына мүмкіндік бар. Марафонның бірінші кезеңінің қорытындысын Алматыда, наурыздың 17-19-ы күндері жариялау белгіленіп отыр.