Студенттердің еңбек маусымы қорытындыланды - ҚазҰУ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттердің еңбек маусымы қорытындыланды. Демалыс уақытында студенттік құрылыс жасағы (СҚЖ) құрамына қабылданға жүзден аса жігіттер мен қыздар жаз мезгілін өздері және университет үшін де пайдалы әрі қызықты өткізді. Бұл туралы Ұлттық университеттің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Студенттердің еңбек семестрі 1 маусымда басталып, студенттік құрылыс жасағы университетке оқу ғимараттары мен жатақханаларын жөндеу, кампус аумағын көріктендіру және тағы басқа жұмыстарды атқаруға көмектесті. Университет басшылығы еңбек етуі әрі демалуы үшін қолайлы жағдай жасады. Олар арнайы форма, үш мезгіл тамақ және жатақханамен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, студенттердің әрқайсысы айына 40 мың теңге жалақы алып отырды.

«Жаз бойы біз тек жұмыс істеп қана қоймай, бос уақытымызды қызықты өткіздік. Волейбол және футбол матчтарын ұйымдастырдық, жастар алауы маңында ән салдық, театрға бардық, кездесулер, дискотекалар және басқа да көңіл жадырататын мәдени іс-шаралар өткіздік. Сонымен қатар, рамазан айында ауыз бекіткендер үшін студденттік қалашық әкімшілігі ауызашарлар берді», - деп атап өтті механика-математика факультеті жасағының командирі Ерсұлтан Серікбаев. СҚЖ жұмысының нәтижесі бойынша еңбек маусымындағы үздік жұмысы үшін ең белсенді жасақтар мен студенттер университет басшылығы тарапынан дипломдар және құрмет грамоталарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. «Үздік жасақ» номинациясы бойынша 1, 2 және 3-орынды механика-математика, физика-техникалық, философия және саясаттану факультеттері алды. Механика-математика факультеті жасағының командирі Ерсұлтан Серікбаев «Үздік командир» деп танылып, физика-техникалық факультетінің студенті Мадияр Нұрғалиев пен философия және саясаттану факультетінің студенті Сәкен Ыдырысов «Үздік жауынгерлер» атанды. Еңбек маусымының аяқталуына орай «Сұңқар» ҚазҰУ студенттерінің кәсіподағы арнайы ұйымдастырған «ССО-рarty» салтанатты шарасы жастарды үлкен қуанышқа бөледі.

Соңғы жаңалықтар