Студенттердің жазғы универсиадасы: спорт түрлерінің жартысынан астамы қысқарды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Студенттердің жазғы универсиадасы бағдарламасындағы спорт түрлерінің жартысынан астамы қысқарды. Ал, шара биыл Ақтау қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі

Еліміздің жоғары оқу орындары студенттерінің ХІІ жазғы универсиадасы 24 мамыр мен 24 маусым аралығында ұйымдастырылады. Бұл жолғы универсиада бағдарламасына бірқатар өзгерту енгізілген. Атап айтсақ, спорт түрлерінің саны 30-дан 17-ге дейін қысқартылды. Бұл ретте спортшы студенттердің қабілет-қарымы мен спорт түрлеріне бейіні ескеріліп, дүниежүзілік универсиада бағдарламасына басымдық берілген.

Сондай-ақ, спорттық сайыстар түгелдей Ақтау қаласы аумағында өтеді. Айта кетсек, бұрын бірнеше қалада ұйымдастырылатын.

«Самбо, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика бойынша сайыс «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған. Ал, баскетбол, волейбол, футзал мен бокс, теннис және бадминтон спорт түрлері бойынша «Халық Арена» спорт сарайында сайысқа түссе, «Арыстан-Арена» кешенінде студенттер жүзу спортынан жарысады. Қалған спорт түрлері «Yessenov Sport Club» студенттік кешенінде өтеді», - делінген өңірлік коммуникациялар орталығы таратқан мәліметте.

«Aqtau-2023» универсиадасының ашылу салтанаты 5 маусымда «Мұнайшы» стадионында, ал жабылу салтанаты 24 маусымда «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Ауқымды іс-шара Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Yessenov University-дің қолдауымен өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар
Референдум