Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Студенттердің 85 пайызы жатақханамен қамтылған

АСТАНА. KAZINFORM –Елімізде студенттердің 85 пайызы жатақханамен қамтылған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Халықаралық жастар күніне арналған брифингте мәлімдеді.

жатақхана
Фото: Астана әкімдігі

Вице-министрдің айтуынша, кейінгі жылдары студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.

– Қазіргі таңда 250-ден астам студенттік жатақхананың пайдалануға берілуі орын тапшылығын алты есе қысқартуға мүмкіндік берді. Осылайша, бүгінгі күні студенттердің 85 пайызы жатақханамен қамтылып отыр. Алдағы уақытта орын тапшылығын толық жою көзделген, - деді Евгений Кочетов.

Сонымен қатар ол кейінгі жылдары білім мен ғылымға бөлінетін инвестиция көлемі бес есе, ал білім беру жүйесінің бюджеті үш есе өскенін атап өтті. Студенттердің шәкіртақысы екі есе ұлғайып, білім гранттарының саны 1,5 есе артқан.

Бұдан бөлек, жастардың білім беру саласындағы сұранысына да назар аударылды.

Спикердің сөзінше, зерттеу нәтижесіне сәйкес, жастардың 62,9 пайызы білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын меңгеруді маңызды деп санайды.

– Осы бағытта цифрлық білім беру бағдарламалары дамытылып, жасанды интеллект саласында Alem AI халықаралық орталығы мен зерттеу университетін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасында инженерлік, IT, медицина және жаратылыстану ғылымдары бағытындағы мамандықтарға басымдық беріліп отыр, - деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі Ахуалдық орталық жұмысын бастағаны хабарланды.