Студенттерге арналған екі спорт алаңын салу жоспарымызда бар ? ЕҰУ-дің ректоры
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Алдағы уақытта біз Еуразия ұлттық университетінің студенттері үшін екі спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл туралы бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңесінде осы білім ордасының басшысы Бақытжан Әбдірайымов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, бірінші спорт алаңы университеттің №4 студенттер жатақханасы маңайында ашылса, екінші алаңды «Еуразия» спорт кешені жанынан жабдықтау жоспарланып отыр. «Бәріңіз жақсы білесіздер, бүгінгі таңда Еуразия ұлттық университетінде Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың спорт мектебі жұмыс істеуде. Осы және басқа іс-шаралар студент-жастардың салауатты өмір салтын белсенді түрде жүргізуге көмектеседі деп білеміз. Бірақ, қазіргі кезде әлемдік қаржы дағдарысына байланысты көптеген бюджеттік жоспарлар қысқартылып отыр. Оған қарамастан, біз алдағы уақытта университет студенттері үшін екі спорт алаңын ашуды көздеп отырмыз», - деді Б.Әбдірайымов.