Студенттерге берілетін жеңілдетілген несиенің пайыздық мөлшерлемесі несие мерзімі аяқталғанға дейін өзгеріссіз қалады
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ЖОО-да оқитын студенттерге берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі несиелеу мерзімі аяқталғанша өзгеріссіз қалады және 5 жыл оқу мерзімінде негізгі қарыз бен пайыздық сыйақы төленбейді.
Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің және «Альянс банктің» басшылығымен үшжақты келісімге қол қойған «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ Басқарма директоры Қайрат Әйтекенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, бұл мақсатқа Үкіметтен 15 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінді. Бұл сомаға 40 мыңға жуық студентті несиелендіруге болады. Әзірше несие алуға 1500-ге жуық студент өтініш білдіріп отыр. Студенттері несие ала алатын ЖОО-лардың республика бойынша тізімі де бекітілді. Олардың саны ? 59. «Мысал келтіріп өтейін. Егер студент 500 мың теңге көлемінде несие алатын болса, бес жылдық оқуын аяқтағаннан кейін ол, 9 пайыздық мөлшерлемемен 10 жыл бойы ай сайын 9 мың теңгеден төлеп отырады. Қосымша комиссиялық және басқа да сыйақылар салынбайды. Бұл бағдарламаның операторы ретінде «Самұрық-Қазына» «Альянс банкті» белгіледі. Бүгінде бұған қатысты барлық мәселелер шешімін тапты және олар бүгіннен бастап күшіне енеді», - деді ол.Сондай-ақ қарызын уақытынан бұрын өтеймін деушілерге қосымша комиссиялық төлемдер салынбайды.