Студенттерге бөлінетін жеңілдікті несиенің үстемесі жылына 9 пайызды құрайды және ол 20 жылға беріледі - Ж. Түймебаев

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша еліміздегі жоғары оқу орындарындағы студенттерді қолдау үшін жалпы сомасы 120 миллион АҚШ доллары көлемінде қосымша қаражат қарастырылып отыр.
None
None
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Студенттерге қосымша гранттар мен жеңілдікті несиелер бөлу әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында жасалып отырған үлкен қамқорлық деп түсінеміз. Қосымша білім гранттары мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарындағы үшінші және одан жоғары курстардағы жастарға беріледі. Бұл гранттар озат оқитын 12 мыңға жуық студентке тағайындалады. Осы шараларға 3 миллиард теңгеден астам немесе 20 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы қарастырылып отыр», деді министр. Ж. Түймебаевтың айтуынша, қосымша жеңілдікті несие беру еліміздегі техникалық, медициналық мамандықтарда оқып жүрген барлық курстардың студенттеріне беріле бастайды. Атап айтқанда, несие алуға әлеуметтік жағынан аз қамтылған және оқу үлгерімі жақсы студенттер іріктеледі. Бұл бағытта 15 миллиард теңге немесе 100 миллион АҚШ доллары бөлінбек. «Жеңілдікті несие неліктен тек техникалық және медициналық мамандықтарға ғана бөлініп жатыр деген сауалдар туындап отыр. Осы орайда айтарым, бұл салалар бойынша бүгінде мамандар жетіспейді»,- деді ол. Ж. Түймебаевтың сөзіне қарағанда, несиенің пайыздық үстемесі жылына 9 пайызды құрайды және ол 20 жылға беріледі. Несиені студент оқуды аяқтағаннан кейін төлей бастайды. Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын студенттерді қолдау үшін үшінші курстан бастап оқу озаттарына қосымша мемлекеттік білім беру гранттарын бөлуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жетім, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан ақылы негізде оқитын үлгерімі жақсы және өте жақсы студенттер үшін техникалық және медициналық мамандықтар бойынша бірінші курстан бастап ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие бөлу мәселесін пысықтауды жүктеген болатын. Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, бүгінде елімізде 633 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Күндізгі бөлімде оқып жүрген 331 мыңға тарта студенттің 206 мың 700-і ақылы негізде білім алады. Олардың арасында 16 мың 166-сы оқу озаттары.
Соңғы жаңалықтар