Студенттерін жатақханамен қамтымаған ЖОО-лар лицензиядан айырылуы мүмкін

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылынан бастап студенттерін жатақханамен қамтымаған университеттер лицензиядан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақтауда жаңа жатақхананың ашылуы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Студенттерін жатақханамен қамтымаған ЖОО-лар лицензиядан айырылуы мүмкін
Фото: университеттің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйек күнгі Жолдауында жатақхана проблемасын шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізуді тапсырған болатын. Сондай-ақ, «барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес» деп санайтынын айтып, «мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт» екенін айтты.


«Бұл орайда, Есенов университеті міндетін тиісті деңгейде орындап отыр. Өйткені, бұл жақта жатақхана проблемасы шешілген. Міне, бүгін төртінші жатақханасын ашып тұрмыз.

Жалпы, осы орайда баса мән беріп айтқым келеді: Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдары әлеуметтік жауапкершілігін ешқашан ұмытпауы керек! Бұдан былай білім беру ұйымдары жатақхананы қажет ететін барлық білім алушыларының сұранысын қамтамасыз етуі міндетті. Сондықтан, биылғы оқу жылының басы – 2023 жылғы қыркүйектен бастап, университеттер өзінің қаладан тыс барлық білім алушыларының жатақханаларда тұруы үшін жағдай жасауды қамтамасыз етпесе, онда бұл факт білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты лицензияны тоқтата тұруға немесе кері қайтарып алуға негіз болады. Лицензияны тоқтата тұру не кері қайтарып алу ондай білім ұйымдарын бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тапсырысын орналастыру арқылы қаржыландыруға кедергі келтіреді.

Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етілуіне мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы білім беру саласында кепілдіктер белгіленген. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсартудағы білім беру ұйымдарының маңызды рөлі мен жауапкершілігі заңнамада анық жазылған. Сондықтан, заңнама нормаларын қатаң сақтау қажеттігіне назар аударамыз», - деді министр жатақхананың ашылу салтанатында.


Есенов университеті мен «Айсар-Строй» ЖШС консорциум құрып, жатақхана құрылысын жүргізген. Бес қабатты жаңа жатақхана 3 адамдық 1 бөлме және 5 адамдық 2 бөлмелерден тұрады. Барлығында жеке-жеке жуынатын орын мен дәретханасы, тамақ дайындауға арналған плита, оның үстінде бу мен түтін сорғыш құрылғылар орнатылған. Нысан техникалық қауіпсіздік талаптарына толық сай, мұнда өрт қауіпсіздігі мен санитарлық нормалар қатаң сақталады.

Жатақхананың бірінші қабатында демалатын холл, екінші қабатында буфет-бар қызмет көрсетеді. Төртінші қабатта сабаққа дайындалатын студенттер үшін оқу залы үнемі ашық тұрады. Ал, бесінші қабаттағы үлкен жиналыс залында жастар тұрақты бас қоса алады.

Жертөле қабатында тренажер залы болады, ғимарат төбесіндегі техникалық қабаты түрлі коммуникацияларға арналған.

Сондай-ақ, жатақхана алдында футбол алаңы, автокөлік тұрағы, серуендеуге және демалуға арналған орындар да салынған.