Студентті ұрып өлтірген Асамов 8 жылға сотталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 1-курс студентін өлтірді деп айыпталған Тойшыбек Асамовқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Судья Арай Нұғыманова бір айға созылған іске нүкте қойды.
«ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлімі мен 194-бабының 2-бөлімі бойынша сотталушы Асамов кінəлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айрылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіз бөлімінде өтесін», - деді судья.
Сондай-ақ оның барлық мүлкін тəркілеу туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 12 сәуірде ҚазҰАУ жатақханасында болған еді. Бірінші және екінші курста оқитын 10-нан астам студент жатақханада төбелесіп, соның салдарынан 17 жастағы Дидар Болысбек қаза болған еді. Кейінірек полиция аталған оқу орнының 2-курсында оқитын 2 студентті ұстады. Сот алдында олардың біреуі ғана - Тойшыбек Асамов жауап беруде. Оған ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлімі (адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру), ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлімі (күштеп мүлкін тартып алу) бойынша айып тағылып отыр.